«Сыңғырла, соңғы қоңырау»
25.05.2019« Бүгін қандай шаттық толы кеш еді,
Көңіл шіркін, тасып-толып өседі.
Ұл кешегі жігіт болып қалыпты,
Бойжетіпті бантикті қыз кешегі...» - деп 25 мамырда мектеп түлектерінің баршасы бала шақтан болашаққа жолдама алып, алтын ұя мектеппен қоштасты. Салтанатты жиынға ұстаздар қауымы, ата-аналар, құрметті қонақтар, оқушылар қатысты. Мектеп мерекеге сай безендірілген. Бүгінгі күні 11 жыл бойы тәрбие мен білім нәрін бойына құйып, ұстаздарына анасындай еркелеп, балалық шағын алаңсыз өткізген мектебімен, әліппеден бастап өмір заңдарына дейін ұстаздарының шәкірттерімен қоштасу мерекесі - соңғы қоңырау салтанатты жиыны өз деңгейінде өтті. Мереке көркі - ақ бантикті балауса қыздар, бозбалалар, қолында гүл, жүзінде - нұр ұстаздар, ата-аналар. Салтанатты жиынның шымылдығы еліміздің Әнұранымен ашылды. Одан кейін мектеп директоры Зәуре Жақанқызы оқушылар мен ұстаздарды мерекелерімен құттықтап, мектеп бітіруші түлектерге ақ тілектерін жеткізді. Еліміздің болашағы сендердің қолдарыңда. Сондықтан әр кезде терең білім алу жолында жалықпай, талмай ,ізденіп, ел тізгінін ұстайтын азамат болыңдар – деді мектеп басшысы түлектерге. Салтанатты жиында түлектер ұстаздар қауымына тілектерін жолдады. Сондай- ақ «Мектеп вальсі» жарияланғанда ақ бантикті балауса қыздар мен жас желең бозбалалардың қалың жұбы тұтастай дөңгелене жөнелді. Шара соңында қоңырау соғылып, түлектерді тебірентерліктей әсер қалдырды. Алтын ұя мектебінен түлеп ұшып, үлкен өмірге қадам басқалы отырған, кеше ғана тұлымдары желбіреп, жүректері лүпілдеп, мектеп табалдырығын имене аттаған ұл-қыздарымыз бүгінде ойы толып, бойы өсіп, алтын ұя мектептерімен қоштасқалы отыр. Бұл күн мектеп тарихында, мектеп бітіруші түлектердің есінде мәңгі өшпесі анық.



Қоғамдастық талқылаулары
Обсуждений не найдено
