Семинар

15.01.2016

Елімізде  күні бүгінге дейін мемлекеттік тілді үйретудің баршаға ортақ стандарты, тұжырымдамасы, бағдарламасы жасалынбағандықтан  да тіл үйрету балабақшада өзгеше, мектепте бөлек, жоғары оқу орындарында  басқаша, ересектерді оқытуда әртүрлі бағыттар бойынша өткізілгені бәрімізге жасырын емес.



Қазіргі таңда  Ы.Алтынсарин атындағы ұлттық білім академиясы ұсынған «Балабақша- мектеп-колледж-жоғары оқу орны» жүйесіндегі мемлекеттік тілді  деңгейлік үздіксіз оқыту стандарты негізінде оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендері әзірленіп, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2015 жылғы 26 тамыздағы №542 «Қазақ тілінен басқа тілде оқытатын мектептердің 1-11 сыныптарына арналған  қазақ тілінің деңгейлік оқулықтарын сынақтан өткізу туралы» бұйрығына сәйкес  Астана қаласы бойынша №7, №18, №31, №53, №63   білім ордаларында 2015  жылдың 1-қыркүйегінен бастап деңгейлік оқулықтарды сынақтан өткізу  жұмысы басталған болатын.

Осы орайда Астана қаласы Білім басқармасының  ұйымдастырылуымен №31 мектеп-гимназиясы базасында 2016 жылдың 9 қаңтарында   «Қазақ тілі» деңгейлік оқулықтары мен  оқу-әдістемелік кешендері авторларының қатысуымен семинар өткізілді.  Семинарға деңгейлік оқулық авторлары: п.ғ.д. профессор, Қазақстан Республикасы ҰҒА корресподент мүшесі Оразбаева Фаузия Шәмсиқызы, п.ғ.д. доцент Дәулетбекова Жанат Тұрарбекқызы , п.ғ.д, доцент Рахметова Райгүл Сәдуақасұлы, әдіскер –мұғалім, оқулық авторы Мүкеева Бибігүл Қазыбекқызы қатысты. Семинар барысында  деңгейлік оқулықтарды сынақтан өткізіп жатқан Астана қаласы мектептерінің қазақ тілі мұғалімдерінің  баяндамалары тыңдалып, пікірлер талқыланды.

Ата-аналар да  бұл оқулықтарға оң көзқарас  танытып жатыр. Өткізілген сауалнамалар негізінде ата-аналардың өздері балаларымен бұл оқулықтармен жұмыс жасап, мемлекеттік тілді үйреніп жатқандығы көңілге қуаныш сезімін ұялатады.
Оқулық авторларымен жүзбе-жүз кездесіп, пікір алмасу  мақсатында көкейде жүрген сан сауалдарға жауаптар алынды. Алыстан ат арылтып келіп, тәжірибелерімен, ақыл-кеңестерімен бөліскендері үшін авторларға алғысымыз шексіз.
 
 А.Р. Көшкімбаева
№31 мектеп-гимназиясының
оқу ісінің меңгерушісі








Чтобы оставлять комментарии авторизуйтесь
Артқа

Қоғамдастық талқылаулары

Обсуждений не найдено