"Мың қолдар сау болсын.." атты дөңгелек үстел

23.11.2021

С.Мауленов атындағы 37 мектеп-лицейінің 11А сынып оқушысы Жұмабаев Мағжанның "Мың қолдар сау болсын.." атты дөңгелек үстелде оқылған эссесін оқырманға ұсынбақпын. Мектебіміздің түлегі келешекте өзінің өмірін журналистика саласымен байланыстырғалы отыр. Сіздерге Алаш қозғалысының қайраткері М.Жұмабаевтің аттасы Жұмабаев Мағжанның ой толғауымен бөліскім келеді.
Мың қолдар сау болсын деп.
Мың жолдар жалғансын деп, Мен бір жолымды бердім. Мың гүлдер солмасын деп, Гүлдей жастық күнімді бердім. Мың ақын толғасын деп, Мен бір жырымды бердім" - деп жырлап өткен Сырбай ақын қан сулап аққан майдан біткен соң. Сырбай ақын шамамен 14-15 жасынан бастап өлең жаза бастады. Сол уақыттан бері сыршылдың өзі де, өлеңдері де біраз нәрседен, біраз қиыншылықтан өтті. Бірақ кейбір құрдастары, өкінішке орай, бұл азаптан өте алмады. Алайда Сырбай Мәуленовтің өлеңдері сонау соғыс жылдарынан бастап, ахуалды және көптеген жастарға, ақындарға "қолдары сау болсын деп, толғасын деп" жазып жырлаған өлең шумақтары қазіргі таңға дейін жырлануда.
Расымен, Сырбай соғысқа бара алмай қалған уақытта тыным таппай, жауынгерлерді рухтандыру мақсатында да бірқатар өлеңдер жазды. Кейін өзі де майданға бару туралы өтініш жазып, зеңбірек, граната, миналардың жарылыстарының ортасында жүріп, өз өмірін қиған жауынгерлерге арнап өкініш өлең жолдарын, тірі қалған жауынгерлерге арнап рух, намыс, жігер, үміт беру мақсатында жан жұбатарлық өлең шумақтар жазды. Соғыс біткеннен кейін өз жастарында жарқырап жүрген жастарға арнап өлең жазған. Оларға өзінің кеңесін айтып, идея беретін. Оларға алдағы өмір үшін құлшыныс берді. Бұл жөнінде ақын Мұзафар Әлімбаев: "...Бас редактордың өзі: әмбебап, нағыз газеткер, жаңалыққа ұмтылғыш, тың идея тапқыш, өзгелерге ой тастағыш, ұжымдағыларды жұмылдырғыш, кімнің қандай оңтайы бар, соған қарап кімге тапсыруды, нені жаздыруды жіті біледі. Өзі де жазғыш өлеңдегі беделінің өзі бір төбе. Басқа журналдарға да бас редактордың еңбегі ұсақ емес, ірі, көзге көрініп, көптің мақұлдануына ие болып жатады" , - дейді. Міне, осы айтылған сөзге қарап Сырбай ақынның мейірімді, талапты, үнемі қол ұшын созуға дайын тұратын, мың қолға үміт, жол бергісі келетін жан болғанын көреміз.
"Жаманға сырыңды айтпа, сырыңды айтсаң да, шыныңды айтпа" деген мақал жалпы дүниедегі бүкіл адамға қатысты деп айтса, мен Сырбай Мәуленовтің біріншіден өзі, екіншіден жазған өлең шумақтары, Мұзафар Әлімбаевтың айтқан сөзі куәгер болады. Дәл сол кезде сол айтқан адамды, Сырбай Мәуленов жазған мың қолдардың бірі екенін сендіріп, ақтайтын едім.
Менің ойымша, Сырбай Мәуленов өте ерекше тұлға. Соншалықты ерекше, соншалықты дана, дара тұлға бола білген ақын. Осы сыршыл атамыздың сан түрлі оқиғаға толған шығармаларын оқып жаткан кезде, ең көп әсер қалдырып, санамды мың түрлі сезімге бөлеген оқиғасы бұл - ажалдың алдында есептесетін кезде қарапайым, ержүрек, батыл қыз құтқарып алған кезі және алғысын айтқан мына бір керемет өлең жолдары еді.
«Менімен бір кірпік қақпай, Түнден бойы көз ілмедің. Кіп-кішкентай болсаңда өзің, Шіркін қандай төзімді едің. Өрт ішінен алып шықтың, Қаңсырап мен жатыр едім. Кіп-кішкентай болсаңда өзің, Шіркін қандай батыр едің." - деген өлең шумақтарында ақын кіп-кішкентай қызға, ең болмаса, жігер бергісі келді, ең болмаса кішкентай үміт, сенім бергісі келді.
Сонымен қорытындылай келе, мен осындай отты да сырлы тұлғаның есімімен аталатын Сырбай Мәуленов атындағы №37 лицей мектебінде оқитыныма мақтанамын. Себебі бұл кісінің бізге деген, жастарға деген, мейлі мыңдаған адамға өзінің асқақтаған рухын, күш-жігерін, кіршіксіз таза сана-сезімін, қайсарлық пен өрлікті байқаймыз. Сырбай - Ұлы Отан соғысына солдат боп қатысып, оның өшпес таңбасын өз бойына бірге ала келген ақын. Гүлдей жастық өмірін қиып, қан майдан шебінде жаумен арпаласып, "мың қолдардың саулығы үшін бір қолын берген" ақынның бізге берер өнегесі өте зор. Ақын шығармаларын оқу арқылы біздің бойымызда өрлік, ерлік сияқты тамаша қасиеттердің қалыптасары сөзсіз. Сол себепті ақын өзі өлсе де, оның сөзі өлмейді, өлмек те емес.

    



Чтобы оставлять комментарии авторизуйтесь
Back

Community discussions

Обсуждений не найдено